Мәсад сүресі | “Рахмет самалы” рухани-танымдық, діни, тарихи-мәдени журнал

Мәсад сүресі

Бауыржан Алиұлы


Бұл сүре Меккеде түскен. Ижма бойынша бес аяттан тұрады.

Аталуы: Бұл сүре «Мәсад» сүресі деп аталады. Сүре атауы сүредегі «мәсад» сөзінен алынған. Мұнымен қоса «Тәббат», «Әбу Ләһаб», «Ләһаб» деген атаулары да бар.

Сүре мұсылмандардың ата жауы Әбу Ләһаб пен оның жары Умму Жәмилдің бұл дүниеде әрі ақыретте көрер азабы, қайғылы нәтижесі жайлы сөз қозғайды. Өйткені, олар Пайғамбарымызға (с.а.у.) көптеген залал тигізді. Тіпті, бар шаруаларын тастап, көптеген жандардың мұсылманшылықты қабылдауына кедергі болуға күш салды.

Сүренің түсу себебі:

Ибн Аббас нақыл еткен хадиске сүйенсек, «(Уа, Мұхаммед!) Өзіңнің жақын туыстарыңа ескерту жаса!» деген аят түскеннен кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.) Сафа тауына шығып жар салады. Құрайыш руының барша атасын жеке-жеке атап шақырады. Адамдар жиналғаннан кейін Пайғамбарымыз (с.а.у):

– Уа, жарандар! Мен сендерге мына таудың етегінде (сендерге шапқалы тұрған) дұшпанның атты әскері тұр деп айтсам, сөзіме сенесіңдер ме? - деп сұрайды. Жиналған жұрт:

Сенің өтірік айтқаныңды ешқашан естімеген едік, - деседі. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Олай болса мен сендердің бастарыңа келгелі тұрған үлкен азап жайлы сөз қозғайтын ескертушімін, - дейді. Жиналған жұрт арасынан Әбу Ләһаб суырылып шығып:

Құрып кеткір! Сен бізді осыған бола жинадың ба? - деп, теріс бұрылып кетіп қалады. Осы оқиғадан кейін аталмыш сүре түседі (Бұхари, Мүслім).

Сүредегі кейбір сөздерге түсінік

1. Әбу Ләһаб. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әкесімен туған туысы болып табылады. Толық есімі Абдулұзза ибн Абдулмутталиб. Лақабы Әбу Ұтайба. Ал Әбу Ләһаб деген есімі, оның жүзінің қызылдығынан алынған.

2. Умму Жәмил. Ол Әбу Ләһабтың әйелі. Толық есімі Аруа бинти Харб ибн Умаййа. Сонымен қатар, ол әйгілі сахаба Әбу Суфянның әпкесі.

بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمنِ الرَّحِيمِ

تَبَّتْ يَدَا أَبِي لَهَبٍ وَتَبَّ ﴿۱﴾ مَا أَغْنَى عَنْهُ مَالُهُ وَمَا كَسَبَ ﴿٢﴾ سَيَصْلَى نَارًا ذَاتَ لَهَبٍ ﴿٣﴾

وَامْرَأَتُهُ حَمَّالَةَ الْحَطَبِ ﴿٤﴾ فِي جِيدِهَا حَبْلٌ مِّن مَّسَدٍ ﴿٥﴾

Аса мейірімді, ерекше рақымды Аллаһтың атымен бастаймын.

«Әбу Ләһаб құрысын! Ол шын мәнінде құрыды. (1) Оған тапқан дүниесінің, жиған мүлкінің пайдасы тимеді. (2) Ол алаулап жанған тозаққа кіреді. (3) (Өсек тасып, ел арасына іріткі салған) әйелі де тозаққа түседі. (4) Оның мойнында тозақ отынан өрілген арқан болады». (5)

Мәсад сүресінің тәпсірі

«Әбу Ләһаб құрысын! Ол шын мәнінде құрыды». (1)

Алғашқы сөйлем қарғыс мағынасында, ал екінші сөйлем сол дұғаның жүзеге асқандығын білдіреді. Бұл Аллаһ тағаланың ғайыптан хабар беруі болып табылады. Шынымен-ақ, Әбу Ләһаб Аллаһтың дегеніндей дүниеден иман келтірместен өтті. Ол көзі тірісінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туысы бола тұра, оған көптеген дұшпандық әркеттер жасады. Қолынан келген жамандығын аянып қалмады.

«Оған тапқан дүниесінің, жиған мүлкінің пайдасы тимеді». (2) Яғни оның тыным таппай жинаған дүниесі, байлығы оған араша бола алмады. Бұл дүниедегі әрі ақыреттегі көрер азабына кедергі бола алмады. Иә, оның шектен шыққандығы соншалық бар шаруасын тастап Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) басқан ізін аңдып жүретін болған. Елге қандайда бір нәрсе айтса, дереу оның айтқандарын жалғанға шығарып даурығатын еді.

«Ол алаулап жанған тозаққа кіреді». (3)

Яғни ол әуелі күпірлігі үшін, Пайғамбарымызға (с.а.у.) жасаған зұлымдығы үшін, сахабаларға тигізген зардабы үшін, ислам ақиқатының тарауына кедергі болғандығы үшін алаулап жанған тамұққа кіреді.

«Өсек тасып, (ел арасына іріткі салған) әйелі де (тозаққа түседі)». (4) Яғни әйелі Умму Жәмил де тозаққа кіреді. Ол күйеуі Әбу Ләһабты қолдап, Пайғамбарымызға (с.а.у.) тіл тигізетін. Тіпті тікенекті ағаштарды жинап, түнде Пайғамбарымыз (с.а.у.) өтетін жолға тастайтын. Күні-түні ұйқы көрмей мұсылмандарды жамандаумен айналысатын.

«Оның мойнында тозақ отынан өрілген арқан болады». (5)

Яғни Аллаһ тағала осы соңғы аятта оның ақыретте көрер азабын суреттейді. Өйткені ол, бұл дүниеде тікенекті ағаштарды арқалап жүріп Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жолына тастайтұғын. Яки ел арасына іріткі салып, өсек тасығандығының жазасы ретінде оған мойнына асып жүретін тозақ отынан өрілген арқан беріледі. Иә, шынымен-ақ жамандықтың жазасы тек жамандық болмақ.

Осы сүренің Аллаһ тағала тарапынан түскендігін естіген бетте Умму Жәмил қолына тас ұстап мешітке Әбу Бәкірге келеді. Оның жанында Пайғамбарымыз (с.а.у.) да болады. Ол Әбу Бәкірге (р.а.) қарап:

– Сенің жолдасың маған тіл тигізген көрінеді. Мен оған көрсетемін кім екенімді? - дейді. Бірақ сол шақта Аллаһ тағала оған Пайғамбарымызды (с.а.у.) көрсетпеді. Әбу Бәкір (р.а.) оған қарап:

– Сен менімен бірге тұрған біреуді көріп тұрсың ба? - деп сұрайды. Умму Жәмил:

– Тәлкек етіп тұрсың ба? Мен сенен басқа ешкімді көріп тұрғаным жоқ, - деп жауап береді.

Қадірлі ағайын жоғарыдағы аталмыш сүре тек қана ол кезеңді ғана қамтымайды. Бұл Құран аяттары қияметке дейін өз жалғасын таба бермек. Сол үшін келтірілген мәліметтерден өзімізге үлгі, сабақ алуымыз керек.

Аллаһ тағала баршамызды екі дүниеде де мейіріміне бөлесін! Өзінің сара жолынан бізді айырмасын! Әумин!

Пікір жазу

Web-сайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС