Әсет Ануарбеков
Дінтанушы
(Жалғасы. Басы өткен сандарда)
Хижретке әзірлік
Бұрынғы пайғамбарлар Ибраһим, Мұса, Исалардың басынан өткен ауыр сынақтар өзінің басына да келерін Пайғамбарымыз (с.а.у.) жақсы білетін. Және келді де. Бірақ, Пайғамбарымыз пайғамбарға жарасар айбатынан, табандылығынан және сенімінен бір сәтке де ажыраған емес. Сахабалардың бірсыпырасы Хабешістанға көшіп кеткен-ді. Таифқа сапары сәтсіз аяқталып, бойкот оны әбден қажытқан еді. Материалдық жағынан да демеуге мұқтаждығы артып, бірнеше жанынан жақын туысынан айрылып, қиындыққа тап болған жылдары еді. Алайда, мұның бәрі оның Аллаһқа деген онсыз да берік иманын тек арттыра түсті. Міне осы қиын қыстау күндерінің кәффараты және жұбанышы ретінде Раббысы оған үлкен сый тарту етті. Иә, Миғраж Пайғамбарымызға (с.а.у.) уақытында келіп жеткен рухани демеу болды. Пайғамбарымыз жаңа күшпен дағуатын ары қарай жалғастырды. Пайғамбарымыздың бұл мұғжизасы барша мұсылмандардың иманын арттырғанымен мүшриктердің күмәны мен күпірін де арттыра түсті.
Мусаб бин Умәйр
Бірінші ақаба байғатына қатысқандар Мәдинаға құр алақан оралмады. Аллаһтың нығметі мен берекетін алып қайтты. Сондай-ақ, Расулуллаһ оларға Мусаб бин Умәйрді мұғалім етіп қосып жіберді. Мусабтың міндеті Мәдиналық жаңа мұсылмандарға иманды, Исламды уағыздаумен қатар оларға Аллаһтың Ұлы құзырынан жаңа түсіп жатқан Құран аяттарын үйрету болатын. Сол себепті, ол Мәдинада «Ұстаз» деген атпен танымал болды.
Екінші Ақаба байғаты
Былтырғы мұсылмандар бұл жылы Меккеге қажылыққа сандары көбейіп келді. Бұл байғат шамасы Пайғамбарымыздың хижреттің алдындағы Меккедегі соңғы қажылығы болатын. Мадиналықтар Исламға ие болып, Пайғамбарымызды (с.а.у.) өмірінің соңына дейін қорғауға ант етті. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ізін аңдушылар жиілеп, жасырын ақаба кездесулері жайындағы ақпараттар мүшриктерге жансыздар тарапынан жеткізіліп отырғанынан Пайғамбарымыз (с.а.у.) хабардар болатын. Меккедегі ушыққан жағдай шегіне жетіп, бұдан ары Меккеде Исламды уағыздау мүмкін емес дерлік халге жеткен еді.
Ибн Исхақ Кағб бин Мәліктен былай дегенін нақыл етеді: «Қажылық өтеу үшін Мәдинадан шығып Меккеге бардық. Расулуллаһпен ташриқ күндерінің орталарында Ақаба деген жерде кездесуге серт байластық. Қажылық құлшылығымызды өтеген соң кездесу түніміз де келіп жетті. Тайпамыздың ішіндегі мүшриктерден жасырынумен болдық. Сол түні керуеніміздің жүктерінің арасында ұйықтадық. Түннің үштен бірі өткенде Расулуллаһпен жүздеспекке түнеген жерімізден шықтық. Түн жамылып, абайлап отырып жолға шықтық. Соңында Ақабада жиналдық. Жетпіс үш еркек болатынбыз. Қасымызда тағы екі әйел бар».
Пайғамбарымыз (с.а.у.) белгіленген уақытта, белгіленген жерде олармен кездесті. Жанында әлі мұсылман болмағанымен де Пайғамбарымызға адал серік, сенімді көмекшісі немере ағасы Аббас болды.
Пайғамбарымыздың дінінде болмаса да оны қорғап, оны сенімді адамдардың қолына табыстамаққа келген-ді.
Аббас мадиналықтардан Хазірет Мұхаммедті қорғай алатындықтарына сөз беретін болса ғана Мадинаға шақыруларын өтінді. Пайғамбарымыз Мадиналықтардың өз араларынан он екі жауапты адам таңдауын бұйырды. Сөйтіп екінші Ақаба байғаты жасалды. Бұл байғатта мадиналықтар екі нәрсеге сөз беріп қол алысты.
Біріншісі, Исламға бағынуға сөз берілді. Бұл жайында Имам Ахмет бин Ханбәл мына хадисті риуаят етеді: Сол байғатқа қатысқандарға Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Тасада және ашық түрде (әмірді) тыңдап, орындауға, таршылықта да кеңшілік кезде де инфақ жасап, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға, кінәлаушылардың сөзінен тайсалмай Аллаһ жолында батыл сөйлеуге байғат етпексіңдер!».
Екіншісі, Пайғамбарымызға жәрдемдесу және оны ұдайы қорғау жөнінде сөз беріп, байғат етілді.
Мадиналықтардың бұл үшін өздеріне қандай сый берілетіндігі жөнінде қойған сұрағына Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Жәннат!» деді.
Мадиналықтар бұл байғаттың не мағынаға келетіндігін көкейлерімен ұғына қол берді. Енді олар Пайғамбарымызбен бірге соғысса соғысып, келісім жасаса келісім жасасып оның барлық ісіне жәрдемші болулары керек болатынын жақсы түсінген-ді. Олар өздерінің жауынгер аталардың ұрпағы екендігін айтып, батылдықтарын паш етті. Олардың арасынан тіпті кейбірі Мекке мүшриктерін үйлеріне басып кіріп жермен жексен етуге дайын екендіктерін айтты. Пайғамбарымыз Аллаһтан бұған әмір келмегенін айтып бұл ұсынысты кері қайтарды.
Құрайыштың байғат жайында құлағдар болуы
Байғатқа қатысқандар түнеген жерлеріне тыныш қана оралып жата кетті. Таңда бір топ Құрайыштық олардың жанына жақындап келіп:
«Ей, Хазреж қауымы! Естуімізше біздің адамның (Мұхаммедтің) қасында болып, оны бұл маңайдан алып кету жайында сөйлесіпсіңдер. Бізбен соғысуға да байғат етіпсіңдер. Уаллаһи, арабтардың арасында соғысқымыз келмейтін жалғыз ғана ру сендер едіңдер!»
Мадиналықтардың арасында бұл байғаттан хабарсыз мүшриктер көп болатын. Солар атылып шығып, Аллаһтың атымен ондай сұмдықты естімегендіктерін айтып ант етті. Құрайыш олардың сөзіне сенді. Себебі, істің мән жайын толық ұға алған жоқ болатын. Алайда, мадиналықтар Минадан ұзап кеткен кезде барып олардың серттескендерін түсінген құрайыштықтар Мадиналық қажылардың артынан қуғыншы жіберді.
Бірақ қуып жете алған жоқ. Тек қана байғат еткендердің арасында белсенді болған Сад бин Убада менен Мунзир бин Амрдың ізін тауып қуып жетті. Бірақ, Мунзир жағасын жұлқып қашып үлгерді. Сад бин Убада қолға түсіп, олардың қолынан оңбай таяқ жеді. Меккеліктердің арасынан кезінде өзі көмектескен бір кісілер табылып, солар құтқармағанда Сад бин Убаданың жағдайы не болары белгісіз еді.
Жетпістен астам сол байғат етушілер түгелдей қолға түскенде не болар еді, мұны да бір Аллаһ біледі?
Бәлкім мұны мұсылмандар мен кәпірлер арасындағы қақтығыстардың басы деуге болатын шығар. Осыдан кейін мүшриктер мұсылмандарға қарсы қатаң күш қолдану әрекетіне көшті. Аллаһ сабыр сақтағандардың жәрдемшісі.
Мұсылмандар паналайтын сенімді мекен тауып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне қорғаныш болатын жаңа ел тапты. Меккенің мүшриктері осының бәрін бақылап көріп отырды. Пайғамбарымыздың беделі артып, айналасында көрші елдердің адамдары жиналып жатқанын көрсе де бір сәт ойланып Пайғамбарымыздың сөздерінің растығына пікір жүгірткен мүшриктер кемде кем болды.
Бұдан бұрын екі рет Хабешістанға көшкен мұсылмандар көші мүшриктерді үркітпеген болатын. Ал бұл жолы олардың кеуделеріне қорқыныш кіре бастады. Себебі, Меккелік мұсылмандар Ясриб мұсылмандарымен күш біріктірмекке көшкелі тұр. Сондықтан олар әрі ашу ызаға булығып жатты.
Ал мұсылмандар өздерінің азап пен қудалаудан құтылатын күн туатынынын, тіпті күшейіп абыройлары қайта оралатын күндердің жақындағанын сезіне бастады. Себебі Аллаһ Тағала былай деп уахи түсірді: «Біз елдегі әлсіздерге жақсылық жасап, оларды көсем етуді, олардың мұрагер болуын қалаған едік» (Қасас сүресі, 5-аят).
Расулуллаһ мүминдерді хижретке шақыруда
Екінші Ақаба байғатынан соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандарды Мадина қаласына хижрет етуге шақыруды бастады. Себебі, Мадина қаласы құшағын жая Исламды бауырына басуға дайын екендігін білдірмекке 70-тен астам адам жиналып келіп, қол алысып байғат беріп кетті. Бұхари мен Муслимнің түрлі жолдармен риуаят еткен хадистерінде Расулуллаһтың былай деп айтқандығы айтылады: «Түсімде құрмалы жерлерге көшкенімді көрдім. Ол жерді Ямама немесе Хажр деп ойладым. Сөйтсем, ол Ясриб (Мадина) екен».
Ибн Исхақтың «Сирет» кітабында айтуы бойынша мұсылмандарға хижрет рұқсаты мына аятпен берілді: «Олар тек қана Раббымыз Аллаһ дегендіктері үшін жазықсыз жұрттарынан шығарылды» (Хаж сүресі, 39-аят).
Расулуллаһ (с.а.у.) мүминдерге хижрет рұқсатын білдіргеннен соң мүминдер дереу дайындала бастады. Кейбірі бұл рұқсатты тіпті әмір деп ұғынды. Алайда жолдары айқара ашық болған жоқ. Құрайышықтар оларға барынша бөгет болуға тырысып бақты. Мысалы, Умму Сәләмә мен жолдасын жолда ұстап алып ойларынан бас тартуға мәжбүрледі. Ақырында Умму Сәләмәні тастап күйеуі жалғыз хижрет етті. Ал жұбайы бұған сабырлықпен көнді.
Араға біраз уақыт салып ол да жолын тауып жалғыз өзі Мадинаға көшті.
Сондай-ақ Хишам бин Ас және Айяш бин Әби Рабиа секілді кейбір мухажирлерді мүшриктер жалған сөздермен, алдап-сулап қолға түсіріп, байлап, қамап тастады. Сондықтан да мұсылмандар жасырын түрде жолға түсуге мәжбүр болды. Хазірет Әли (р.а.) былай дейді: Хаттабұлы Омардан өзге жасырынбастан хижрет еткен ешкімді көрмедім. Хижретке аттанарда қылышын қынына асып, таяғына сүйеніп, оқтарын да қолына алып Қағбаның қасына барды. Құрайыш адамдары сол кезде Қағбаның жанында жиылып тұрған болатын. Ол Қағбаны жеті рет тауаф еткеннен соң Мақаму Ибраһимге жақындап барды. Сол жерде екі рәкағат намаз оқыған соң айналасындағыларға өктем дауыспен былай деп дауыстады: «Жүздерің жарық көрмегірлер! Мұрындарың жерге сүрінгірлер! Анасын жоқтап, баласы жетім, ал қатыны жесір қалсын дегендер мына сайдың арғы жағында менің алдымнан шығып көрсін». Осылайша Хазірет Әли жасырынбастан хижрет еткен тек қаһарман Омар (Аллаһ оған разы болғай) ғана екендігін риуаят етеді. Дегенмен, сандары санаулы болғанымен одан өзге де ашық түрде хижрет еткендер болды. Бәлкім Хазірет Омарды өзгелерден айырып тұрған тұсы оның Қағбаның қасында өз ниетін паш етуі болса керек. Шын мәнінде одан басқа Хазірет Хамза және өзге де мухажирлер көзден таса, тыныш қана көшуді жөн көрді.
Мадинада оларды сол жердің жомарт халқының жайсаңдығы күтіп тұрды. Мухажирлер Мадинаға өз үйіне барғандай рақат сезіммен барды.
Мұсылмандар топ болып және жеке-жеке Ясрибке қарай көшіп жатты. Қалада мүминдер арасынан Пайғамбарымыздан өзге және аяқ-қолы байланып қамалған қос тұтқын мұсылманнан өзге тек Хазірет Әли мен Хазірет Әбу Бәкір қалған болатын. Пайғамбарымыздың соңында қалуының себебі, бәрінің аман есен көшкенін көріп, сонан соң барып қарекет ету болатын. Пайғамбарға бәрінен бұрын қаланы тастап кету жараспас та еді. Ал Хазірет Әлидің соңында қалуының себебі де белгілі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған өзіне табысталған аманаттарды иелеріне табыстап, содан кейін ең соңынан көшу тапсырмасын берген болатын. Ал Хазірет Әбу Бәкір көшіп кеткісі-ақ келіп тұрды. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны асықпауға шақырып үнемі кідірте берді. Өйткені Пайғамбар (с.а.у.) Хазірет Әбу Бәкірдің өзімен бірге хижрет етуін, екеудің екіншісі болуын қалаған еді.
(Жалғасы келесі санда)

18-Қаңтар, 2010
admin
Бөлімі: