Абдуллаһ Хикмет Атан
Хадис ғылымдарының докторы
Кейде жасаған құлшылықтарымыз қабыл болып жатыр деген оймен өз-өзімізге кепілдік беріп, қателікке ұрынып жатамыз. Кім білер, бәлкім бұл нәпсіміздің алдамшы айласы шығар. Дегенмен барлық амалдарымыздың әрине қабыл болғанын қалаймыз. Қабыл етілмеген амал – босқа зая кеткен еңбек болып табылады.
Бірде Айша анамыз (р.а.): «Уа, Аллаһтың Расулі! Жихадты – амалдардың ең абзалы деп білеміз, біз де жихадқа шықсақ қайтеді? - деп сұрадым деді. Сонда ол мынадай жауап берді:
– Жихадтың ең абзалы әрі ең көркемі –ешқандай күнә араласпай, шарттарына сай жасалған қабыл болған қажылық.
Айша ана: «Мұны естігеннен кейін қажылықтан ешқашан қалмадым» дейді (Бұхари, Нәсәи).
Зер салып қарасақ, хадисте «қабыл болған қажылық» жайында сөз болады. Ол – шарттары мұқият орындалып және күнә араласпаған қажылық. Яғни Аллаһ тағалаға осындай ұлық құлшылық қабыл болуы үшін бойұсынылуы қажет. Бұдан не істесең де сөзсіз қабыл етіледі деген түсінік шықпауы тиіс. Мысалы, намаздың бірқатар шарттары бар. Егер ол шарттар орындалмаса, намаз қабылданбайды, сол сияқты қажылықтың да қабыл болуы үшін міндетті түрде бағынуға тиісті шарттар бар. Сондықтан ол қабылдануды сұрап тұрады. Мұнымен қоса, пенде бұл шарттарды бұлжытпай орындауға тырысып, әрі Аллаһ тағалаға құлшылығының қабыл етілуі үшін дұға тілеуі керек.
Бұл шарттардың басында шынайы ниет орын алады. Ниеті түзу адамның құлшылығы да дұрыс және қабыл етілуге лайық болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Амалдар ниетке қарай құны артады. Адамның ниеті не болса, қолына тиетіні де сол» деген (Бұхари, Мүслім). Қажылық құлшылығы Аллаһ тағаланың ризалығы үшін орындалуы керек. Өзгелер «пәленше қажылыққа барып келіпті» деп айту үшін қажылыққа барған дұрыс емес. Қазіргі таңда «Пәленше бірнеше мәрте қажылыққа барыпты» деген сөздер жиі естіліп жүр. Бұл деген сөз қажылықты өзгеге көрсету үшін орындалғанын білдіреді. Ондай ниетпен жасалған құлшылықтар бос әурешілдік болып, қабыл болуы неғайбыл. Адам баласы өзінің құлшылығын шын ықыласымен орындай отырып, біреуге тақуа көріну мақсатынан аулақ тұру қажет.
Реті келгенде бір мысал беруді жөн көрдім. Бұл болған оқиға. Бір адам қажылықтан оралыпты. Көрші-қолаңдары, жора-жолдастары құттықтап келіпті. Үй иесі келген қонақтарына дастарқан жайып, жақсылап күтіпті. Бір кезде әйеліне: «Бәйбіше, үшінші қажылығыма барғанда сатып алған табақтарға құрма салып әкелші» - депті. Қонақтардың бірі ашуланып: «Оу, мырза! Дереу бар да үш қажылығыңды да қайта өте!» - депті. Әрине, бұндай жағдайда ислам шариғаты тұрғысынан қажылықты қайта өтеу деген мәселе жоқ. Алайда, бұл жерде қонақ кісінің айтпағы – құлшылықты біреуге көрсету мақсатында емес, тек Аллаһ ризалығы үшін орындау керектігін ескерту еді. Міне, сондықтан біз құлшылығымызға лайықты сыйымызды алу үшін оны тек қана Аллаһ тағалаға ұнамды етіп, оның қалағанындай орындауға талпынуымыз қажет.
Жоғарыда баяндалған хадиске қайта оралайық. Хадисте «Жихадтың ең абзалы» деген тіркес кездеседі. Бұл жерде қажылықтың шын мәнінде жүгі ауыр, машақаты зор құлшылық екенін, ол үшін нәпсімен шынайы күресу керектігін меңзеп тұрғандай. Ибн Нажардың келтірген хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жихадтың ең абзалы – адамның өз нәпсісімен, жаман пиғылды қалауларымен күресуі болып табылады» деген. Сондықтан да қажылық құлшылығы қабыл болуы үшін адам баласы машақатқа толы құлшылығын аса сабырлықпен өтегені жөн. Дүниенің төрт бұрышынан қасиетті мекенге ағылған миллиондаған адамның арасында қажылық сияқты жауапкершілігі зор өте маңызды құлшылықты өтегенде сабырлық таныту біз ойлағандай оңай шаруа емес. Нәпсімен нағыз тайталас сонда басталады. Кездескен қиыншылықтарға, түрлі келеңсіздіктерге шыдамдылық таныту, дүниенің шартарапынан келген мұсылман халықтардың түрлі салт-жоралғыларына түсіністікпен қарау, құлшылықтың ләззатын сезіну, әсіресе қолдарына, тіліне ие болу аса сабырлылықты талап етеді. Көбінесе қажылықтан оралған кісілердің түрлі елдерден келген мұсылман халықтарынан көрген келеңсіз жәйттерді әңгіме қылып, сөзді көбейтіп жіберетініне куә болып та қаламыз. Ондай адамдардың сөзіне құлақ ассаң, қасиетті мекенге адамдардың мінін іздеп, сынау үшін баратындай секілді көрінеді. Қажыларымыз ол қасиетті мекенде өздерін тек құлшылыққа ғана арнап, айналадағы дүниені бір сәт ұмытып, Аллаһ тағаланың қонағы екендігін ұмытпағаны жөн. Басына түскен қиыншылықтарға сабырлық танытып, өз-өзіне: «Мен мұнда құлшылық етіп, Раббымның разылығын алу үшін келдім. Әлдекімдермен дауласып, таласып, тартысу үшін келген жоқпын. Уа, Раббым! Маған сабырлық бере гөр және мені әр түрлі келеңсіз жағдайлардан, Сен разы болмайтын істерден сақтай гөр!» деп қажылығын орындаса, әрі өз құлшылығының берекетін сақтайды, әрі Аллаһ тағаланың ризалығына ие болады.
Құрбандық ғибадаты да осындай. Оның да Аллаһ тарапынан қабыл етілгені жақсы, оның да Аллаһ тағалаға ұнағысы келеді. Құран қиссаларының бірінде Адам пайғамбардың екі ұлы – Абыл мен Қабылдың арасында дау шығып, әкелері екеуіне Аллаһқа арнап құрбан шалу керектігін, қайсыларының құрбандығы қабыл болса, соның айтқаны орындалатынын айтыпты. Абыл Аллаһ тағалаға бір қошқарды құрбандыққа шалыпты, Қабыл еккен егінін атапты. Сол сәтте көктен түскен от жалын Абылдың қошқарын күйдіріп, қабылданғаны білдіріліпті. Бұған қатты қызғанған Қабыл өз бауырын қапыда өлтіріпті. Бұл жерде құрбанның қабыл етілуінде Абылдың ізгі ниеті, туралығы және құрбандығын Аллаһ Тағалаға ұнату мақсаты жатыр деп айтуға болады. Аятта: «Оларға Адамның екі ұлы туралы мәліметті жетеріне жеткізіп оқып бер. Ол екеуінің әрқайсысы құрбандық атап еді ғой, біреуінікі қабылданып, екіншісінікі қабыл етілмеген еді. (Құрбандығы қабыл етілмеген адам екіншісіне): «Сені өлтірем» деді. Сонда екіншісі былай деген еді: «Аллаһ тағала тек қана өзінен қорқатындардыкін қабыл етеді» деген еді (Мәида сүресі, 27-аят). Аяттың соңғы жағында орын алған «қорқатындар (муттақин)» сөзі осыны меңзейді.
Сөздікте «Жақындау, жақын болу, Аллаһқа жақындауға себеп болатын нәрсе» деген мағыналарды білдіретін «құрбан» сөзі діни тұрғыдан алғанда «Құшылық мақсатымен белгілі бір уақытта, белгілі бір шарттарға сай келетін малдарды өз тәртібімен бауыздау немесе осылайша бауыздалған мал» дегенді білдіреді. Сондықтан, сөздік мағынасынан гөрі іс-әрекетпен жасалғанда ғана атқарылған құлшылықта Аллаһ тағалаға жақындау мұраты байқалады. Сол себепті құрбандық ғидабатын осындай ниет, ықыласпен орындау керек. Жұрт «пәленше құрбан шалмады» деп айтпасын немесе «түгенше құрбан шалыпты» деп айтсын деген мақсатпен орындалмағаны жөн.
Аллаһ Тағала құлшылықтарымызды ізгі ниетпен орындауды нәсіп етсін және қабыл етсін. Барша оқырман қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Жаратушы Хақтан мықты денсаулық тілеймін!

10-Наурыз, 2010
admin
Бөлімі: