Қажылық – мұсылман ерлер мен әйелдерге парыз. Шариғат заңдылықтары әйелдерге қатысты мәселелерде кейбір ережелер қойған. Айталық, қажылық барысында әйелдер үшін жолсеріктің болуын қажет етеді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Әйел, қасында жақындарының біреуі болмаса үш күннен артық сапарға шыға аламайды. Әйел адам қасында күйеуі болмаса қажылық жасамасын» (Бұхари, Мәсжиди-Мәккә 6, Сайд 26, Саум 67; Әбу Дәуіт, Манасик 2; Тирмизи, Рада 15; Ахмад бин Ханбал ІІІ; Әш-Шәукәни, Нәйлүл-Әутар ІҮ, 491).
Ал егер әл-ауқаты жетіп, жол қаражаты болып және өзге де шарттар орындалып жатса, бірақ қасында күйеуі, ұлы, немересі, інісі, әкесі, атасы, сүт баласы, сүт бауыры және қайын атасы сияқты неке жүрмейтін жақын адамы болмаса, мұндай әйелдерге қажылық жоғарыдағы шарттар орындалғанға дейін парыз болмайды. Десек те алдағы жылдары осы айтылған жақындарының бірі қажылыққа барып, оны да бірге алып кетуге келіссе әйелге сол жылы қажылық парыз болады. Бірақ, шарттар орындалмай жатып өмірден өтіп кетсе қажылық мойнынан түседі.
Шафиғй және Маликилердің пікірінше әйел, сенімді (әйел) серіктерімен қажылық міндетін орындауына болады. Тіпті Маликилер бұған сенімді еркек, әйел аралас топтарды да жатқызады. Әйел олармен бірге қажылыққа баруына болады. Бұлар «Ол жерге баруға шамасы келетіндердің барлығына, Аллаһ үшін Қағбаны зиярат қажылық жасау парыз» (Әли Имран сүресі, 97-аят) деген аяттың жалпы мағынасына сүйенеді.
Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелге туысқандарының бірін ертпей сапарға шығуына тыйым салғандығын айтқан кезде бір адам орнынан тұрып:
– Уа, Аллаһтың Елшісі! Әйелім қажылық сапарына шықты. Мен пәленше жиһадқа жазылдым, - дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.у.) былай деді:
– Бар! Әйеліңмен бірге қажылық жаса! (Бұхари, Никах 111, Жихад 140,181; Муслим, Хаж 424).
Қажылық жасайтын әйел ажырасқаннан кейін немесе күйеуі дүние салғаннан соң ғиддәт мерзімінде (төрт ай күтетін уақыт) болмауы керек. Ислам діні қарт адамға немесе күйеуінен жаңа ажырасқан әйелге сол жылы қажылық жасауды міндеттемейді. Өйткені, ғиддәт, яғни күтетін уақытының мезгілін ауыстыру мүмкін емес, ал қажылықты бір жыл кейінге қалдырып, өтеуге болады.
Көпшілік ғалымдардың пікірінше күйеуі, әйелінің парыз қажылығына кедергі жасай алмайды.
Қажылық немесе умра жасау үшін ихрамға кірген әйелдер өз киімдерін шешпейді, еркектер сияқты басы мен аяқтарын ашпайды. Тек жүздері ғана ашық болады, тәлбиә (ләббәйк дұғасы) айтқан кезде дауыстарын көтермей айтады.
Хайз немесе нифас кезінде жүрген әйелдер де ихрамға кірген кезде тазару мақсатында бойдәрет (ғұсыл) алған сүннет. Хадисте: «Хайз немесе нифасты әйелдер бойдәрет (ғұсыл) алып, ихрамға кіреді және Бәйтуллаһты тауаф етуден басқа қажылықтың барлық шарттарын орындай алады» делінеді (Тирмизи, Хаж 98; Әбу Дәуіт, Манасиқ 9; Ахмед бин Ханбал І, 364).
Қажылықтың соңында Минада шайтанға тас лақтырғаннан кейін еркектер Меккенің айналасында айттың үш күнінің бірінде шаштарын алдырып немесе қысқартып ихрамнан шықса, әйелдер шаштарының ұшынан аздап қана қиып ихрамнан шығады.
Әйелдер тауафтың алғашқы үш айналымында және сағи кезіндегі екі жасыл түсті діңгектің арасында ерлер сияқты жүгіріп өту шарт емес.

10-Наурыз, 2010
admin
Бөлімі: