Зекет | “Рахмет самалы” рухани-танымдық, діни, тарихи-мәдени журнал

Зекет

Зекет – әйелдерге де тиесілі

Зекет, әл-ауқатты ер кісілер мен әйелдерге парыз. Құран Кәрімнің 28-аятында «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер» - деген әмір әрине әйелдерді де қамтиды. Сонымен қатар, әйелдердің де зекет беруге міндетті екендігін көрсететін бірнеше дәлелдер бар.

Сахаба Амр ибн Шұғайб мынадай хадисті нақыл етеді: «Йемендік бір әйел қызын ертіп Аллаһтың Елшісіне (с.а.у.) келеді. Қызының қолында екі алтын білезік бар болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі әйелден: «Мыналардың зекетін беріп тұрсыңдар ма?» - деп сұрайды. Әлгі әйел «жоқ» деп жауап береді. Хазірет Пайғамбар: «Қиямет күні Аллаһ Тағаланың осы екі білезікті оттан жасалған білезік етіп қолына тағып қойғанын қалар ма едің?» - деп сауал қояды. Сонда әйел, білезіктерді қызының қолынан алып, Аллаһтың Елшісінің алдына қойып: «Білезіктер Аллаһ пен оның Елшісіне тиесілі», - дейді (Нәсәи, Зекет, 12).

Зекеттің парыз болуы үшін, негізгі қажеттіліктер мен қарыздан басқа нисап мөлшеріндегі мал-мүлікке ие болу керек. Негізгі қажеттіліктердің қатарына; тұратын үй, үйге керекті заттар, көлік, жеке кітапхана, отбасы мұқтаждықтары яғни бағзы ғалымдардың пікірінше бір жылдық қаражат жатады. Бұл айтылғандардан зекет берілмейді. Ал әйелдің қажеттіліктері күйеуінің мойнына міндет. Күйеуі әйелінің қарыздары болса төлеп беруі тиіс, ал одан тыс қажеттіліктеріне қосымша қаражат жұмсауға міндетті емес. Тұрмысқа шыққан әйелдің қолында алтын, күміс, ақша немесе сауда тауары нисапқа, яғни 96 грамм алтын немесе соның құны жететін болса және қолында бір жыл ұстаса әйел зекет беруге міндетті болады.

Тұрмыс құрмаған яки жесір қалып қойған әйелдер, ер кісілер секілді өздерінің қажеттіліктеріне қаражат бөлуге құқылы. Ал, олардың нисапқа жететін дүние-мүлкі болса, әрі ол қолында бір жыл болса зекет беру құқығына ие.

Қорыта айтқанда, Ислам дінінде әйел өзі тиесілі заттарын ерікті түрде қолдануға құқығы бар. Отбасылық жағдайда да жұбайлар арасында «жеке мүлік» жүйесін қалыптастыруға болады. Сондықтан әйел, күйеуінің дүние-мүлкіне ортақтаспай-ақ, тәуелсіз түрде зекет, пітір садақа, кәффарат, құн және т.б. ақшалай өтей алады.

Пікір жазу

Web-сайт жасау, техникалық қолдау: "Қаламгер ТЕН" ЖШС