Әйелдер ғылымхалы
Ислам шариғатындағы бұйрықтар мен тыйымдарды орындау барысында, ер кісілер мен әйелдер арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Алайда, құлшылықтарды орындау барысында кейбір ғибадаттарда әйелдерге оңтайлы жеңілдіктер берілген. Олар: намаз, ораза, зекет, қажылық және т.б. Міне, осыған орай журналымыздың әр санында әйел кісілерге қатысты дін мәселелер төңірегінде азды-көпті мәліметтер ұсынып отыратын боламыз.
Құлшылықтың өзегі, діннің діңгегі – намаз
Әйелдерге бес уақыт намаз оқу парыз. Алайда, жұма, айт, жаназа намаздарына қатыспаса да болады. Сонымен қатар, бес уақыт намазды мешіттерде жамағатпен оқымай-ақ, үйде оқу – әрі сауап, әрі жеңілдік. Пайғамбарымыздың заманында әйелдер де еркектер сияқты бес уақыт намазын жамағатпен бірге мешітте оқитын. Тіпті Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазға барғысы келген әйелдерге кедергі жасамау керектігін айтқан. Алайда, мұның ең дұрысына сілтеме жасай отырып: «Үйінің ішін мешіт еткен әйелдер – ең абзал әйелдер» екендігін тілге тиек еткен.
Әйелдерге намазда азан айту, қамат түсіру шарт емес. Ал, намазда әйелдердің қолы, беті және қызыл асықтан басқа жерлерінің барлығы кең киіммен жабылуы керек. Тәкбір айтқанда, алақандарының іші құбылаға қаратылады, саусақтарының арасы шамалы ашық күйде көкіректерінің тұстарына келетіндей етіп қолдарын жоғары көтереді. Оң қолымен сол қолын жауып, қолдарын көкірегінің үстіне қойып байлайды.
Рукуғта иықтарын шамалы еңкейтіп, ер адамдарға қарағанда біраз бүгіліңкіреп тұрады. Саусақтарын ашпай қолдарын тізелерінің үстіне қояды, тізелерін біраз бүгіп тұрады. Сәжде жасағанда қолдарын кеуделеріне жабыстырып, білектерін жерге тигізіп, аяқтарын башпайлардың үстіне тік ұстап, башпайларының ұштарын құбыла жаққа қарайтындай етіп қояды. Отырыста аяқтарын жатқызып, оң жаққа қарай соза отырады.
Еркектер болмаған жерде әйелдерге намаздарын өз араларында жамағатпен оқу мәкруһ саналады.
Әйелдерге тән жағдайларда, яғни етеккір халінде және босанғаннан кейін (қырық күндей уақыт) намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Сондай-ақ, сол кездегі намаздарының қазасы оқылмайды, бірақ оразасын тұта алмаған күндерін өтейді. Бұл жайында Айша анамыздан келген деректе: «Біз Расулаллаһтың заманында етеккір көрген кезімізде намаздың қазасын өтеу әмір етілмегенімен, ұстамаған оразаны ұстауға әмір етілген» (Бұхари, Хайз 20) делінген. Мұнымен қоса қажылықта да тауаф жасалмайды, Құран Кәрім оқи алмайды, мешітке кіре алмайды, күйеуімен жыныстық жақындықта бола алмайды.

10-Наурыз, 2010
admin
Бөлімі:
Мен тек тан намазын окып журмін, намаздан кешіккен жагдайда не істеу керек?